Ссылки доступа

Өзбекстанда тұтынушы себеті 50 долларға бағаланды


Өзбекстанда 2023 жылы тұтынушы шығынының ең төменгі межесі бір адамға шаққанда 568 мың сум (шамамен 50 доллар) болады деп белгіленді. Бұл туралы республиканың статистика агенттігі хабарлады.

Өзбекстанда алғаш рет тұтынушы шығынының ең төменгі межесі 2021 жылғы мамырда есептелген. Сол кезде тұтынушы себебі 440 мың сумға ($38) бағаланған.

2022 жылы инфляцияны ескере отырып есептекенше мұндай себет құны 13,2 пайызға қымбаттап, 498 мың сумға ($42) жеткен.

Өзбекстан экономикалық даму және кедейшілікпен күрес жөніндегі министрлігі 2021 жылғы 31 мамырда тұтынушы шығындарының ең төменгі межесі алғаш рет есептелгенін хабарлаған. Министрлік БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының кеңестеріне құлақ асып, бір адамның бір күнде тұтынатын тамағы 2200 ккал болады деп есептеген.

Тұтынушы себетіне нан өнімдері (нан, ұн, макарон түрлері), дәнді дақыл, ет, көкөніс пен жеміс-жидек, сүт өнімдері, сонымен бірге дәрі-дәрмек, косметика, үйге қажетті заттар секілді азық-түлікке жатпайтын тауарлар, коммуналдық, көлік және білім алу қызметтері кірген.

Тұтынушы себеті - белгілі бір ел аумағында бір адамның бір ай бойы өмір сүруіне қажетті тауарлар мен қызметтер жинағы. Мұндай түсінік кедейшілік шегін анықтаған уақытта қолданылады, яғни 2023 жылы бір айда адам басына 568 мың сумнан аз табатын отбасы кедейге жатады.

XS
SM
MD
LG