Ссылки доступа

Өзбекстанда балалар үйіндегі қыздарды зорлаған шенеуніктерге тағы бірнеше айып тағылуы мүмкін


Өзбекстанда сот балалар үйіндегі кәмелет жасқа толмаған қыздарды зорлағаны үшін сотталған хорезмдік бұрынғы шенеуніктер ісін қосымша тергеуге жіберді. Сотталушыларға жаңа айыптар тағылып, басқа да адамдар жауапқа тартылуы мүмкін.

Бұл туралы Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы 6 сәуірде Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы сотталған екі шенеунік үкімінің күшін жойып, істі Ташкент қалалық сотына қайта қарауға жіберген. Сот жабық өткен.

18 шілдеде Жоғарғы сот баспасөз хатшысы Әзіз Абидовтың хабарлауынша, сот алқасы прокурордың жаңа қылмыстық іс ашып, қылмысқа қатысы бар басқа да адамдарды жауапқа тарту туралы өтінішін қанағаттандырған. Іс Хорезм облыстық прокуратурасына қайта жолданады, сол себепті сот отырыстары бір айға тоқтады.

Хорезм қаласында балалар үйіндегі үш қызды жергілікті бірнеше шенеунік ұзақ уақыт бойы зорлап келгені биыл наурызда мәлім болды. Әлеуметтік желілер мен БАҚ реакциясынан кейін Хорезм облыстық прокуратурасы Хиуа аудандық сотының үкіміне қарсылық білдірген. Аудандық сот былтыр қыркүйекте екі шенеунікті 1,5 жылға соттаған.

Еске салайық, биыл 11 сәуірде Өзбекстанда әйелдер мен балалар мүддесін қорғауды күшейтетін жаңа заң күшіне енді.

XS
SM
MD
LG