Ссылки доступа

Қырғыз экс-министрі Динара Кутманова арнайы қызмет басшысының айыптауларын жоққа шығарды


Экс-министр Динара Кутманова
Экс-министр Динара Кутманова

Қырғызстанның экология экс-министрі Динара Кутманова Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Қамчыбек Тәшиевтің айыптауын жоққа шығарды.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында ол билік біржақты және дәлелсіз ақпарат таратып отыр деп мәлімдеді. Экс-министр қызметтерге туыстарын ғана тағайындаған, Табиғатты даму қоры қаржыландырған жобалар тиімсіз деген айыптауларды да жоққа шығарды.

"Басшылыққа жалған ақпарат беріп, мені жаманатты деп көрсетіп жатыр. Қамчыбек Тәшиевтен мені қабылдап, уәждерімді тыңдауды, мәселені дұрыс қарауды сұраймын. Бұған дейін министрлікте тексеру болған. Заңға қайшы ешқандай әрекет жасамағандықтан мұндай тексеруге алаңдамадым. Бірақ бәрі басқаша болып шықты. 110 жобаның бәрі тиімсіз дегенмен келіспеймін. Олар екі-үш жылға жоспарланған. Олар енді ғана жұмыс істей бастады. Менің қызым, туыстарым жұмысқа араласты дегені де өтірік. Менің қызым жоқ, екі ұлым бар" дейді Динара Кутманова.

20 шілдеде арнайы қызмет басшысы Қамчыбек Тәшиев жемқорлыққа қатысы бар шенеуніктер түбінде жазаланады деп ескерткен. Ол экс-министр Динара Кутманованы мысал ретінде келтіріп, оны Құмтөр алтын кенінен түскен қаражатты талан-таражға салды деп айыптаған.

Еске салайық, Динара Кутманов экология министрлігіне 2020 жылғы қазан оқиғасынан кейін келген, биыл наурызда ол қызметтен босатылған.

XS
SM
MD
LG