Ссылки доступа

Садыр Жапаров Лавровтың тіл туралы заңға қатысты айтқан пікіріне жауап берді  


Қырғыз президенті Садыр Жапаров Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың "Қырғыз Республикасының Мемлекеттік тіл туралы" заңын қабылдауы демократияға сәйкес емес деген пікіріне жауап берді.

Қабылданған заңға сәйкес, Қырғызстанның лауазымды тұлғалары жұмыс барысында қырғыз тілін пайдалануы тиіс.

24 шілдеде "Кабар" мемлекеттік агенттігіне берген сұқбатында Садыр Жапаров "Ресей СІМ басшысы заңды оқымаған болуы керек" деді.

"Бұл заңда орыс тілін кемсіту керек деген норма жоқ. Керісінше, орыс тілі ресми тіл ретінде қолданылуы тиіс делінген. Бұл норма елдің Конституциясында да бар", - деді қырғыз президенті. Ол бұл заңның мұғалімдер мен дәрігерлерге қатысы жоқ екенін ескертті.

Садыр Жапаров қырғызстандықтарға орыс тілі қырғыз тілі секілді керек деді.

"Себебі, біз ТМД елдерімен қарым-қатынас жасаған кезде орыс тілінсіз болмайды. Қытайға, Еуропа елдеріне, араб елдеріне барған кезде де орыс тілінде сөйлейміз ғой. Бірақ біз өз тілімізді толық игергіміз келеді. Себебі, өзіңіз қараңыз, мемлекеттік шенеуніктер жартылай қырғызша, жартылай орысша сөйлейді. Ешқайсысы толық не орыс тілін, не қырғыз тілін меңгермеген", - деді қырғыз басшысы.

Ол сұқбатының соңында ағылшын, қытай, француз және басқа тілдерді де меңгеруіміз керек деді.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 19 шілдеде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу кезінде Қырғызстанның тіл туралы заңды қабылдауы демократиялық емес дегенді айтқан.

XS
SM
MD
LG