Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан өкілдері шекарадағы оқиғаға байланысты келіссөз жүргізіп жатыр


25 шілдеде таңертең "Қызыл-Бел - автожол" бақылау-өткізу бекетінде Қырғызстанның Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысы басшылары келіссөзге жиналды.

Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметінің хабарлауынша, қырғыз-тәжік шекарасында 25 шілдедегі жағдай тұрақты деп сипатталды. Мекеме мәліметінше, 24 шілдеде екі ел тұрғындары арасындағы жанжалдан соң тараптар бірнеше кездесу өткізген.

Соның нәтижесінде олар жолдағы блокпосттарды алып тастап, Қырғызстанның Ақ-Сай ауылы Тәжікстанның Ходжаи-Аало ауылдарын бірге күзетуге келіскен.

Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, тәжік жағы Қырғызстан ІІМ қызметкерінің автокөлігін жөндеуге, шығынды өтеуге дайын екенін айтқан.

24 шілдеде екі ел шекарасына жақын маңда жергілікті тұрғындар арасында дау шықты. Қырғыз жағының нұсқасы бойынша, екі қырғызстандық Ақ-Сай - Көк-Таш жолымен келе жатқан уақытта сол жолда Тәжікстан азаматтарына тиесілі сегіз автокөлік пайда болған. Олар "Қырғызстан азаматтарының автокөліктерін бөгеген", содан кейін екі жақ төбелескен.

Жанжал болған орында Қырғызстан ІІМ аймақтық бөлімшесінің қызметкері шақыртылған. Қырғызстан шекара қызметінің мәліметінше, оған Тәжікстан азаматтары шабуылдаған, "оны ұру талпынып, сонымен бірге автокөлігінің терезесін шаққан".

Баткен облысы әкімдігінің хабарлауынша, "жанжалға қатысы барлар анықталды, тексеру жүріп жатыр".

Азаттықтың Тәжік қызметкеріне жергілікті тұрғындардың хабарлауынша, Ақ-Сай арқылы өтетін Исфара-Ворух жолын Қырғызстан әскерилері 24 шілдеде кешкі тоғызға дейін жауып қойған. Жергілікті тұрғындарының бірінің айтуынша, қырғыз жауынгерлері жолда тұрған уақытта қырғыз ауылының тұрғындары тәжікстандықтардың автокөліктеріне тас лақтырған. "Ауылдың үш азаматы жараланды" дейді тұрғын.

Тәжікстан ҰҚМК Шекара қызметі екі ел шекарасында жанжал болғанын растады. Мекеме мәліметінше, 24 шілдеде үйлену тойына шыққан сегіз автокөлік Исфара жаққа қарай жүрген. "Қырғыздың Ақ-Сай ауылына кіреберісте олардың автокөліктеріне Қырғызстан азаматтары тас лақтырған. Осы ауылдың арақ ішіп алған бір азаматы сегіз көліктің бірі жолды бөгеді деген желеумен жолды жапқан. Автокөліктен шыққан ол тәжік азаматтарына тас лақтырған. Соның салдарынан үш автокөлік зақымданып, Тәжікстанның төрт азаматы жеңіл жараланды" деп хабарлады Тәжікстан ҰҚМК Шекара әскерінің басқармасы.

XS
SM
MD
LG