Ссылки доступа

Алматы изоляторындағы аштық: ҚАЖК түсініктеме берді


Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Алматыдағы №72 тергеу изоляторындағы "әйелдердің аштық акциясы" туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

Бір күн бұрын белсенді Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханова өзі қорғап отырған белсендінің сөзіне сүйене отырып, изоляторда кемі екі әйел аштық жариялағанын хабарлаған.

"Алматы қаласының тергеу изоляторында қамалғандардың бірі мекемеге аштық жариялайтыны жөнінде арыз тапсырды. Бірақ ауруы асқынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деп жазылған ҚАЖК-ның 26 шілде Азаттыққа жіберген хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауынша, "күн сайын қамаудағы азаматтардың денсаулықтары тексеріліп тұрады".

ІІМ-не қарасты комитет дегенмен "аштық жариялаған(дар) қандай талап қойып отыр?" деген сұраққа жауап бермеді.

Бұған дейін Әйгерім Тілеужан адвокатымен кездескенде изоляторда әйелдер аштық жариялағанын айтқан.

25 шілдеде Facebook парақшасында адвокат Айнара Айдарханова әйелдердің көбі қамау орнындағы жағдайға наразы әрі әділ тергеу мен әділ сот шешімін талап етеді деген еді. Олардың бірі Бағдагүл Андреева (Қалиасқарова) былтыр қарашада "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, билікті басып алуды жоспарлады" деген күдікпен қамауға алынған.

«Әйелдер жетекшілікке арыз жазған, себебі оларды басқалардан бөлек ұстауы керек. Бірақ 72 әйел ортақ камерада отыр, олардың құқығы бұзылып жатыр. Әйгеріммен бір камерада отырған әйелдердің ішінде біреуінің астмасы асқынған, екіншісінде эпилепсия бар. Әйгерім айғайлап көмек шақырмағанда олардың жағдайы қиын болар еді. Белгілі бір ауруы бар адамдарды арнайы камерада дәрігердің бақылауында ұстау керек" деп жазды адвокат.

Әйгерім Тілеужан - - Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу ісі бойынша 4 жылға сотталған белсенді әрі журналист. Бұл іс бойынша тағы төрт адам 8 жылға сотталған. Үкім әлі күшіне енген жоқ. "Әуежай ісі" бойынша сот үкімі қоғамда сынға ұшыраған.

XS
SM
MD
LG