Бұның алдында Kaktus.media дереккөздеріне сүйене отырып қаржы министрі Алмаз Бәкетаев 2022 жылғы 5 сәуірде қол қойған құжат суретін жариялаған. Онда қаржы министрлігі Теңіз Бөлтүрікпен бес жылға келісімге отырғаны, айлығы 45 мың доллар деп белгіленгені айтылған. Құжатқа сәйкес, шешім Бөлтүрік қызметке тағайындалған 2021 жылғы 21 желтоқсанда күшіне енген.
Сонымен бірге басылым 2021 жылғы тамызда Теңіз Бөлтүрік «Құмтөр Голд Компанидегі» ай сайынғы сыйақы көлемін 40 мың долларға, ал 21 желтоқсанда 55 мың долларға дейін көтергенін жазды. Басылым мәліметінше, осылайша топ-менеджер ай сайын екі компаниядан 100 мың доллар алып отырған.
Қаржы министрлігі Бөлтүрікке сыйақы төлемегенін мәлімдеді.
«Республикалық бюджет пен Ұлттық холдинг компаниясының бюджетінен Теңіз Бөлтүрік айлығына қатысты ешқандай ақша төленбеген. Мұны бухгалтерлік есептермен растауға болады. Қазір холдингті жою жұмысы атқарылып жатыр» деп мәлімдеді қаржы министрлігі.
Ақпанда Қырғызстан есеп палатасы «Ұлы көшпелілер мұрасы» холдингін тексеріп, 2021 жылы Бөлтүрік өзіне екі мәрте негізсіз сыйақы тағайындағанын анықтаған.
2022 жылғы қыркүйекте бас прокуратура «Құмтөр Голд Компани» қызметіне қатысты үш қылмыстық іс қозғады. Теңіз Бөлтүрік пен тағы бірнеше менеджер ұсталды.