Ссылки доступа

Мирзияев пен Путин бірлескен форум өткізу мәселесін талқылады


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 9 тамызда Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлесіп, екі ел одақтастығын дамыту мен стратегиялық әріптестік мәселелерін талқылады.

Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгіме барысында сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға баса назар аударылған.

«Екі ел басшылары алдағы шаралар кестесін қарап, жақында өтетін бірлескен үкіметаралық комиссия, өзбек-ресей аймақаралық, білім және медиа-форумдар өткізу жоспарын талқылады» деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.

Батыстың Украинаға басып кірген Ресейге қарсы санкциялары күшейген түсте Мәскеу мен Ташкент қарым-қатынасы нығайып келеді.

Ресми мәлімет бойынша, Өзбекстанда шетел капиталының қатысуымен 13 мыңға жуық кәсіпорын мен ұйым тіркелген. 2 884 ұйым Ресей капиталымен ашылған. Өзбекстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 3,8 миллиард долларға жеткен.

XS
SM
MD
LG