Ссылки доступа

«Кемпірабад ісіндегі» үш күдіктіні үйқамаққа ауыстырды


Қырғызстанда «Кемпірабад ісіндегі» үш күдікті – Ақыл Айтбаев, Ерлан Бекчоро уулу және Әли Шабдан үйқамаққа ауыстырылды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне адвокат Қантемір Тұрдәлиев хабарлады.

Олар 2022 жылғы қазанда ұсталғалы бері қамауда отырған. Бұлтартпас шарасына қатысты сот отырысы 28 тамызда Бішкек қалалық сотында қаралған. Істегі қалған күдіктілерге қатысты шешімдер өзгеріссіз қалды.

Бұның алдында істегі 13 күдікті үйқамаққа шығарылған. Осылайша, тергеу изоляторында 11 адам қалды: Равшан Жеенбеков, Құбанычбек Қадыров, Әзімбек Бекназаров, Кеңешбек Дүйшебаев, Марат Баязов, Ильгиз Шаменов, Темір Махмудов, Айбек Бузурманқұлов, Бектұр Асанов, Айданбек Акматов және Жеңіш Молдокматов.

2022 жылғы қазанда 27 саясаткер мен белсенді жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталды деген күдікпен ұсталған. Істі тергеу шамамен сегіз айға созылып, 2023 жылғы маусымда материалдар сотқа өтті. «Кемпірабад ісі» 52 томнан тұрады. ІІМ іс материалдарына құпия белгісін басты, сол себепті сот жабық өтіп жатыр.

XS
SM
MD
LG