Душанбеліктердің айтуынша, апат салдарымен күресуге күш те, қаражат та жоқ, сол себепті олар биліктен көмек күтуге мәжбүр.
28 тамызда Душанбедегі Худжамбиёи поён махалласында 30-дан астам үйді су басты. «Үш үй мен аула сел алып келген қоқысқа толды. Асхана мен жертөле суға толды. Азық-түлік бүлінді. Кілемдер жарамсыз болып қалды. Тұруға болатын баспана жоқ. Өткен түнді көршінің үйінде өткіздім» дейді осы махалланың тұрғыны Гүлсара Фидоева.
Ауыз су мен жарықтың жоқтығы да жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. «Бізде жарық та, су да жоқ. Кеше махалла төрағасына барып келдім. Төрт қызыммен қайда барам? Күйеуім мен ұлым Ресейде жұмыс істеп жүр» дейді махалланың тағы бір тұрғыны Малика.
Жексенбі күні кешке Тәжікстанның көптеген аймағында нөсер жауын жауып, су тасыды. Душанбе қаласында дауылдан электр қуаты бірнеше сағатқа сөніп қалды.
Ресми мәлімет бойынша, табиғи апаттан 17 адам қаза болды, ондаған үй мен автокөлік қирады. Зардап шеккендер одан да көп болуы мүмкін. Табиғи апат зардаптарын жою жұмыстары жүріп жатыр.