Видеода оған қырын қарап сөйлеп тұрған, бет-жүзі жартылай ғана көрінетін екінші біреу әлгі адамға өктем дауыспен: "Түрме тәртібіне бағынбадыңыз, бірнеше рет ескерту жасалды, оны орындамай қойдыңыз" дейді де, қасындағы өзге адамдарға бұрылып, қолын сілтей: "Арнайы құралды қолданыңдар!" деп бұйырады.
Сол-ақ екен, түрме қызметкерінің киімін киген алты адам әлгіні тас еденге етпетінен жатқызып, аяқ-қолын керіп, желкесінен тіземен басып, тырп еткізбей ұстап отырады. Үстіне жеңі шолақ жейде киген, жауырыны қақпақтай түрме қызметкері тұтқынның жанына бір тізерлеп отыра қалып, арнайы құрал – резеңке таяқпен құйымшақтан төмен тұсты көздеп, бар күшімен құлаштап тұрып төрт рет ұрады. Гүрс-гүрс етіп соққы тиген сайын жерде жатқан адамның жанұшыра айғайлағаны естіледі. Бірақ ұрып жатқан адам оған тоқтамайды. Бұдан соң әлгі өктем дауыс тұтқынды тұрғызуды бұйырады. Ол соққыдан есін жинай алмай, ауырсына ыңыранып, шайқалақтап тұрған тұтқынға: "Бұйрықты орындамау – тәртіпті қасақана бұзу деп бағаланады" дейді. "Азаптауға қарсымын" дейді дауысы кекештеніп шыққан тұтқын.
Тұтқынды сабау туралы видеоны дүйсенбі, 4 қыркүйекте қазақстандық кейбір БАҚ және "Бәсе" telegram-арнасы жариялады. Видеоның сипаттамасында бұл оқиға Ақмола облысы Атбасар қаласындағы жаза өтеу мекемесінде 24 тамызда болған деп жазылған.
Бірнеше сайтқа шыққан, әлеуметтік желіде лезде тараған видеолар екі түрлі ракурстан түсірілген. Видеодағы адамдардың сөйлеген сөзін, таспада көрсетілген уақытты және тұтқынды еденге қалай жатқызғанын салыстырып қарағанда, тұтқынды араға бірнеше минут салып, кемінде екі рет еденге етпетінен жатқызып, резеңке таяқпен ұрып-соққаны байқалады.
Видеода тұтқынды ұруға қатысқан кейбір қызметкерлердің бет-әлпеті де анық көрінеді, арнайы киімдегі біреуінің иығынан аға лейтенанттың погоны көзге шалынады.
4 қыркүйек күні Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) қоғамды дүр сілкіндірген видеоға қатысты қызметтік тексеру бастағаны туралы ақпарат таратты. Онда азаптауға ұшыраған жаза өтеушінің аты-жөні аталмайды.
"Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты, Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекеменің әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбаған сотталушыға арнайы құралдарды қолдану кезінде қызметкерлердің қызмет өкілетін асыра пайдалану белгілері байқалатынын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта осы факт бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, оның нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатын болады" деп жазылған ҚАЖК ақпаратында.
Соның алдында ғана ҚАЖК тұтқынды ұрып-соғу видеосына қатысты комментарийінде Ақмола облысындағы түзеу мекемесінде "тәртіпсіздік шығарғандарға" арнайы құралдар қолданылды деген. Онда түзеу мекемесіне жазасын өтеу үшін жаңадан келген адамдар карантин бөлімінде "бірнеше рет тәртіп бұзып, бағынбай қойғаны" және ескертуден кейін, "қолданыстағы заңға сәйкес", оларға арнайы құралдар қолданылғаны, түрме әкімшілігі ол туралы тиісті акт толтырғаны айтылған еді. Бірақ кейін ҚАЖК ресми сайтында дүйсенбіде жарияланған хабарламаның мазмұны өзгеріп шыға келді.
38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қаңтар оқиғасы кезінде "елімізге 20 мың террорист шабуыл жасады" сөзі үшін жауапқа тартуға талпынған азаматтық белсенді ретінде танылған.
Биыл 15 маусымда Астана соты Тимур Дәнебаевты "Ұлтаралық араздық қоздырды" (174-баптың 1-бөлігі) деп айыптап, үш жылға бостандығынан айырған. 1 тамызда апелляция соты үкімді күшінде қалдырды. Белсендінің адвокаты Ләззат Теміржанова процесті жүргізу тәртібі бұзылғаны туралы келтірген уәждерін сот қабылдамай тастағанын айтқан еді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар биыл жазда Тимур Дәнебаевты саяси тұтқын дар тізіміне қосқан. Олар түрме қызметкерлерінің тұтқынды азаптағаны туралы видеоға қатысты мәлімдеме жасап, құзырлы органдарға шағым жолдағандарын айтады.