Ссылки доступа

Қырғызстан ұлттық құжаттарды өзі басып шығарды


Қырғызстанда ұлттық құжаттар басып шығарыла бастады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев фейсбукте жазды.

Оның айтуынша, сол үшін «Ұшқын» мемлекеттік баспаханасына жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды.

«Енді ел тарихында алғаш рет ұлттық құжаттарды өзіміз басып шығарамыз. Осы уақытқа дейін Қырғызстан азаматтарының төлқұжаттары шетелде басылған. Кейбір шенеуніктер, тіпті қылмыс әлемінің дөкейлері де осы жағдайды баю үшін пайдаланған. Паспорт мафиясы жойылды. Осы күнге дейін шетелде дайындалып келсе, енді паспорттар ел аумағында басылады. Осылайша біз мемлекет пен халық ақшасын үнемдейміз. Орта есеппен біз жылына шетелге бір жарым миллион ID-карта мен паспортқа тапсырыс беріп келдік» деп жазды Сұлтанбаев.

Алайда паспорт басып шығаратын жаңа құрал-жабдық алу үшін бюджеттен қанша ақша жұмсалғаны айтылмады. Паспорт құны түсер-түспесі әзірге белгісіз.

Бұның алдында Қырғызстанда жалған паспорт беруге қатысты бірнеше дау болған. Қылмыстық істер қозғалған, бірақ олардың қалай аяқталғаны беймәлім. Қырғызстанның жалған паспорттары бірнеше мәрте халықаралық жанжал туғызған.

Цифрлы даму министрі Талантбек Иманов былтыр паспорт мафия өркендеп бара жатқанын мәлімдеген. Ол халықты тіркеу департаментіндегі жемқорлықты сынаған. Министрдің мәлімдеуінше, елде мыңдаған жалған паспорт берілген.

XS
SM
MD
LG