Ссылки доступа

Өзбекстанда прокуратура журналист Мавжуда Мирзаеваны 6 жылға соттауды сұрады


Ташкент қаласы Шайхантахур аудандық сотында жабық сотта прокурор журналист Мавжуда Мирзаеваны алты жылға соттауды сұрады. Журналиске жала жабу, адамның ар-намысына тию, ақша бопсалау айыптары тағылған.

Адам құқықтарын қорғаушы Әбдурахмон Ташанов соттың қалай өтіп жатқанын фесбукте жазды. Оның айтуынша, Шайхантахур аудандық прокурорының аға көмекшісі еңбек министрлігінің бұрынғы баспасөз хатшысы Мавжуда Мирзаеваға кәсіби қызметімен үш жыл айналысуға тыйым салып, оны алты жылға соттауды сұраған.

«Kompromatuzb туралы іс» деп аталып кеткен сот ісінде Human.uz басылымының директоры Хуршид Дәлиев, еңбек министрлігінің бұрынғы баспасөз хатшысы Мавжуда Мирзаева, «Өзбекмұнайгаз» компаниясының баспасөз хатшысы Сиявуш Хошимов және Ахмадулло Ахмаджонов сотталушылар үстелінде отыр.

Оларға жала жабу, ақша бопсалау, қылмыспен келген табысты заңдастыру, салық төлеуден жалтару айыптары тағылған.

Күдіктілер биыл 24 қаңтарда ұсталған. Қазір осы істе оннан астам күдікті бар.

200-ден астам адам куәгер ретінде тергелген. Олардың арасында бұрынғы еңбек министрі Нозим Хусанов, үкімет пен парламент мүшелері, журналистер, блогерлер, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері бар.

360 беттік қылмыстық істің айыптау қорытындысында айыпталушылар Kompromatuzb Telegram-арнасында сыни материал жарияланбау үшін ақша бопсалаумен айналысқаны айтылған. Күдіктілер қаржы мекемелерінің және басқа да мекемелердің қызметкерлерімен байланыс орнатып, олардың кәсібі мен жеке құпиясы туралы мәлімет жинап, ақпаратты ақша бопсалау үшін пайдаланған делінеді.

Қылмыстық істің жабық өтуі жергілікті журналистер мен қоғам белсенділерін алаңдатып отыр. Осы уақытқа дейін сотталушылар мен олардың адвокаттарының тағылған айыптарға қатысты көзқарасы белгісіз.

XS
SM
MD
LG