Баспасөз қызметінің жазуынша, әлемдік тәжірибеде өзге елде мектеп және сол секілді басқа да әлеуметтік нысандар салу үрдісі баяғыдан бар. Бұны өзара әлеуметтік көмек деп қабылдаған жөн.
«Шет мемлекет салған мектептердегі білім бағдарламасын мамандар тиянақты тексеріп, оның жергілікті заңдарға, дәстүрге, құндылықтарға, тарихқа, білім стандарттарына қаншалықты сай екенін анықтайды» деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Соған байланысты премьер-министрдің баспасөз қызметі «әлеуметтік желі қолданушылардан негізсіз мәлімет таратпауды» сұрады.
18 қыркүйекте Мәскеуде екі ел үкіметтерінің бірлескен комиссиясы отырысында Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин «оқушыларға орыс мәдениеті мен дәстүрін жақынырақ таныстыру үшін» Өзбекстанда бірнеше мектеп салуды ұсынды. Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Әріпов ұсынысты қабылдады.
Содан кейін белсенділер мен сарапшылар әлеуметтік желілерде Ресейдің Өзбекстанда салатын мектептері төңірегінде пікір айта бастады. Олар ресейлік оқу бағдарламалары Мәскеу пропагандасының бір бөлігіне айналғанын, ал оқулықтарға Украинаға басып кіруді ақтайтын тақырыптар бар екенін айтты. Сарапшылар Ресейдің Өзбекстанда салған мектептері де Мәскеу саясатын ілгері жылжыту орталықтарына айналуы мүмкін деп ойлайды.
Ресей Қырғызстанда 500 млн долларға 9 мектеп салып жатыр. 1 қыркүйекте Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Ресей президенті Владимир Путин осы мектептердің құрылысын онлайн форматта бастап берді.