Сәния Тойкенді Есіл аудандық ішкі істер бөліміне апарып, сонда ұстап отырған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарына қарағанда, 25-27 қыркүйек аралығында өтетін "INNOPROM.QAZAQSTAN" инновациялық-өндірістік көрмесіне Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов, Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин, Беларусь премьер-министрі Роман Головченко, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров қатысады.
Сәния Тойкеннің Азаттық редакциясына жіберген видеосында EXPO аумағында, алайда ғимарат сыртындағы ашық алаңға ауыл шаруашылығына арналған түрлі техникалардың көрмеге қойылғанын көруге болады.
Көрмедегі техникаларды сырттай камераға түсірген Азаттық тілшісіне өзін таныстырмаған белгісіз әйел келіп кедергі жасаған, көрмеге үкімет басшылары келетін айтып, виеоға түсірмеуді талап еткен. Артынша полиция қызметкері, капитан Жолдасбек Ибрагимов пен Алмас есімді азаматтық киімдегі адам келіп, көрмені видеоға түсіруге болмайтынын айтқан.
Сәния Тойкен түсірген видеодан көрме алдына қымбат автокөліктер мен шетел елшіліктерінің нөмірі тағылған автокөліктердің бірінен соң бірі келіп жатқаны көрінеді.
Көрменің ашық алаңда өтіп жатқаны, оны көшеден түсіргені, көрме жұмысына кедергі жасамағаны жөніндегі уәжі мен журналистік құжаты бар екенін айтқанын ескерместен Азаттық тілшісін полиция Есіл аудандық полиция бөліміне әкеткен. Алайда полиция бөлімінде тілшіні не үшін ұстағаны туралы хаттама толтырмаған. Не үшін ұстап, қайта босатқанын ресми түрде түсіндірмеген.