Ташкенттің Шайхантахур аудандық соты Human.uz сайтының негізін қалаушы Хуршид Далиев пен "Өзбекмұнайгаз" кәсіпорнының баспасөз хатшысы Сиёвуш Хошимовты жеті жылға бас бостандығынан айырды.
Еңбек министрлігінің бұрынғы баспасөз хатшысы Мавжуда Мирзаеваға үш жыл, Ахмадулла Ахмаджановқа бес жыл еркіндігін шектеу жазасы берілді. Олар бұл аралықта шетелге шыға алмайды.
Прокурор оларға алты жылдан 15 жылға дейін қамау жазасын сұраған.
Оларға "жалған жала жабу", "бопсалап ақша талап ету", "қылмыстық жолмен тапқан кірісті заңдастыру" және "салық төлеуден қашу" секілді айыптар тағылған.
Тергеу болжамына сәйкес, олар Kompromatuzb Телеграм-каналына ақпарат шығарамыз деп қорқытып, шенеуніктерден ақша талап етіп келген. Сотталғандар өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.