Бір-біріне қатысы жоқ екі дереккөздің айтуынша, Samo компаниясы денсаулық сақтау министрлігімен елге дәрі-дәрмек жеткізу жөніндегі келісім-шартқа бұрынғы денсаулық министрі Бехзод Мұсаев кезінде отырған.
Компания қожайындарының Мұсаев пен Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Әріповпен байланысы бар. Samo қызметін денсаулық сақтау министрлігі тексеріп жатыр.
Наманган облысында 70-тен астам баланың уланып қалғанына екі апта өтсе де, оның себебі әлі жарияланған жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігі де, Өзбекстан үкіметі де осыған қатысты әзірге ешқандай ресми мәлімдеме таратпады.
«Антиструмин» (калий йодиді) дәрісін шығаратын Samo кәсіпорыны да осы оқиғаға қатысты ешқандай мәлімет жарияламады.
Билік бірнеше миллиард жұмсалып жатқан мемлекеттік бағдарламаға қатысты келісім-шарт дәл осы компанияға неге берілгенін де түсіндірмеді.
Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, Samo компаниясы құрылтайшыларының бірі Нодир Юнусов «аса қауіпті қылмыскер ретінде Интерполдың халықаралық іздеуінде болған».
Америкалық құқық қорғау органдары оны адам саудасымен айналысты, алаяқтық жасады, ақша бопсалады, жемқор ұйым құрды деп айыптаған.
Өзбекстанда қанша бала йодтан уланғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Наманган облысының Чуст ауданында ғана 71 бала уланып қалғаны мәлім.