Билік нақты қанша адам электр қуатынсыз қалғанын айтуға асықпай отыр. Қазірдің өзінде мыңдаған абонент жарықсыз отырғаны мәлім.
Нақты не болғаны туралы да ресми мәлімет жоқ. Кеше Қарағандыда нөсер жауын болған. Тұрғындар соның салдары электр желілерінің жұмысына әсер еткен болуы керек деп топшылайды.
28 қыркүйекте түске қарай билік қаланы жартылай жарықтандырғанын хабарлады. Қарағанды әкімі Мейрам Қожықовтың айтуынша, ауруханалар электр генераторларымен жұмыс істеп жатыр.
—Технологиялық оқиға себептері анықталып жатыр. Станциялары жұмысын қалпына келтіріп жатырмыз, — деп хабарлады ЖЭС-3.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындардың жарықсыз қалуын «әдеттен тыс жағдай» деп атаған. Билік не болғанын анықтау үшін станцияға бара жатқанын хабарлаған.
Тұрғындар қаланың бірнеше ауданында бағдаршамдар жұмыс істемейтіндігін, жол қозғалысын ешкім реттеп жатпағанын айтты. Кейбір аудандарда су да жоқ екенін мәлім болды.
ЖЭС-3-ке иелік ететін «Қарағанды энергия орталығы» - Қарағанды қаласын жарықпен қамтамасыз ететін ірі кәсіпорын. 21 қыркүйекте мәжіліс депутаттары станцияда болған. Сол кезде компания басшылығы жылу беру маусымына 92 пайыз дайын екенін мәлімдеген.