Ссылки доступа

АҚШ Украинаға HIMARS реактивті зымыран жүйесін тағы да береді


Дүйсенбіде АҚШ Украинаға берілетін жаңа әскери көмегін жариялады. Бұл жолғы көмек 100 миллион долларға есептелген. Оның ішінде бұған дейін Ресей басқыншылығына тойтарыс беруде тиімділігін көрсеткен HIMARS зымыран жүйесі бар.

Киев мұнан өзге "Стингер", "Джавелин", TOW, АТ-4 құрылғыларына және НАТО елдері қолданатын 155, 105 мм калибрдегі артиллерияға оқ-дәрілер, атыс қаруларына арналған үш миллионнан астам патрон, бұрын жеткізілген техникаларға қосалқы бөлшектер мен қысқы киім-кешек алады.

"АҚШ мемлекеттік департаментінің басшысы Энтони Блинкен мәлімдемесінде бұл көмек Украина жерін азат етуге септесетіні атап айтылған" дейді "Америка дауысы".

"Ресей басқыншылығын тоқтатпайынша АҚШ пен 50-ден астам елден құралған коалиция Украинаны қолдай береді", – дейді Блинкен.

Жаңа көмек берілетінін АҚШ қорғаныс министрі Остин Ллойд 20 қарашада Киевке келгенде өткізген баспасөз жиынында айтқан. Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп шыққан Остин Украина әскері Ресей әскеріне қазірдің өзінде үлкен соққы жасағанын, жерінің жартысына жуығын азат еткенін, Қара теңіздегі Украина жағалауынан Ресей флотын қуып тастағанын мәлімдеген.

"Мұндай қақтығыс кезінде сиқырлы таяқ секілді қару-жарақ жоқ. Барлығы да Украинаға жеткізілетін әскери мүмкіндіктер мен оның өзге қару-жарақпен қалай толықтырылатынына байланысты. Сөз F-16 жойғыш ұшақтары мен HIMARS реактивті зымыран жүйесі туралы болып отыр… Бұл қатыгез, ауыр күрес, болашақта да оңай болмайды,"- деді ол.

XS
SM
MD
LG