Бұл жөнінде Бердск қалалық әкімшілігі хабарлағанын Сибирь.Реалий жазды. Ресей президенті Владимир Путин қол қойған жарлық бойынша шетел азаматтарына осындай "жеңілдік" беріледі.
Ресей паспорты Павелдің әйелі Вероникаға да тапсырылған. Ерлі-зайыптыларға Ресей паспортын қала басшысы Роман Бурдин мен қалалық кеңес төрағасы Владимир Голубев салтанатты рәсіммен берген.
Бердск мэриясы Павел Контобаевты Новосибирск облысынан соғысқа баруға келісіп, Ресей азаматтығын алған алғашқы шетел азаматы деп мәлімдеген.
Новосибирск қаласынан 40 шақырым жердегі 100 мың тұрғыны бар Бердск қаласы бұрын әскери қызметкерлер қаласы саналған. Бұл қалаға Шешенстанда соғысқан 67-бригада орналасқан. 14 жыл бұрын бригада таратылған. Қала ғимараттарында Украинадағы соғыста өлгендердің аты-жөні жазылған мемориал тақталар көбейген.
Ресейдің Новосибирск облысы Қазақстанмен шектеседі.
Ресей президенті Владимир Путин биыл мамырда Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған шетелдіктерге Ресей азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру туралы жарлыққа қол қойған.
Бұл жарлық бойынша, Украинадағы ұрыс қимылдары кезінде бір жылдық келісімшарт жасасқан шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар жеңілдетілген тәртіппен Ресей азаматтығын алуына болады. Бұл тәртіп олардың отбасыларына да жүреді.
Осы жарлық арқылы Ресей өз әскеріне еңбек мигранттарын, әсіресе Орталық Азиядан келетін еңбек мигранттарын көбірек тартуды көздейді. Бұған дейін мешіттерде, жатақханаларда, көші-қон қызметтері мен көшелерде еңбек мигранттарын әскерге шақыратын үгіт парақтары көбейгені байқалған.
Орталық Азиядан келіп, Ресей азаматтығын алғандарды Ресей Украинадағы соғыс басталысымен-ақ майданға тарта бастаған. 2022 жылы 21 қыркүйекте Ресей ішінара мобилизация жасаған кезде бұл процесс күшейе түскен.