Ссылки доступа

Еуроодақ Душанбені тұтқындағы журналистер мен белсенділерді тез арада босатуға шақырды


Еуропалық одақ Тәжікстан түрмелеріндегі азаптау оқиғаларына алаңдайтынын мәлімдеп, тәжік үкіметін тұтқында отырған журналистер мен белсенділерді тез арада босатуға шақырды.

Бұл үндеу 14 желтоқсанда Душанбеде өткен Еуропалық одақ және Тәжікстан арасындағы адам құқықтары жөніндегі диалогтың 14- кездесуінде айтылды.

Тәжік билігі осыған дейін де тұтқындағы журналистер мен белсенділердің ісінде ешқандай саяси астар жоқ деп мәлімдеп келген.

Еуропалық одақ Тәжікстанда әйелдердің құқығын қорғауға шақырып, адамдардың діни сенім бостандығын құрметтеуге үндеді.

Диалог қатысушылары Тәжікстанның GSP+ жүйесіне кіру мәселесін талқылады. Бұл - өз тауарын Еуропалық одаққа экспорттау кезінде жеңілдік беретін жүйе.

Душанбе бұл жүйеге кіру үшін 2019 жылы өтініш берген. Ол үшін Тәжікстан Адам құқықтары, еңбек құқықтары және қоршаған орта, климат жөніндегі конвенцияларға қосылуы тиіс.

Еуропалық одақ пен Тәжікстан арасындағы Адам құқықтарына қатысты келесі кездесу 2024 жылы Брюссельде өтеді.

XS
SM
MD
LG