Ссылки доступа

Сот Қайрат Сатыбалдыны мерзімінен бұрын босатпады


Өскемен қаласының №2 соты экc-президент Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты. Бұған Сатыбалдының колониядағы іс-әрекеті мен мінез-құлқы себеп болған.

"Сот деректерді сараптай келе сотталушының тәртібі мінсіз емес деген шешімге келді. Оған сотталушының киім кию ережесін бұзу және түрмеде жазаланғаны себеп болды" деп жазылған сот шешімінде.

"40 млрд теңгені талан-таражға салды" деп алты жылға сотталған Қайрат Сатыбалды шартты түрде түрмеден босап шығуға өтініш берді деген ақпараттар тараған. Бас прокуратураның орынбасары Әсер Шындалиев "өтініш беруге оның құқығы бар" деген.

2022 жылы қыркүйекте сот Қайрат Сатыбалдыны алты жылға соттаған. Оған "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ірі көлемдегі қаржысын жымқырды деп айып тағылған.

Қайрат Сатыбалды 2022 жылы наурызда қамауға алынған. Оған "Алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру" және "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау" баптары бойынша айып тағылды. Сатыбалды "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан 40 млрд теңге қаржы жымқырды деген күдікке ілінген. 2022 жылы қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды.

Қазір түрмеде отырған Қайрат Сатыбалдыға қатысты салықтан жалтару және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру сияқты өзге эпизодтар бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Назарбаевтың немере інісі Forbes Kazakhstan тізімі бойынша елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына кірген.

XS
SM
MD
LG