Ссылки доступа

Мәжіліс төрағасы: Қазақстанда қос билік жоқ


Парламенттің төменгі палатасының төрағасы Ерлан Қошанов "Қазақстанда қос билік жоқ" деп мәлімдеді. Қошанов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы Мәскеуге сапары мен кейінгі кезде жұрт алдында жиі көріне бастауына пікірін айтты. 

"Халықтың алаңдауына негіз жоқ. Бүгінгі күні қос билік жоқ. Ол болуы да мүмкін емес. Бүгінгі күні барлық шешімді халық сайлаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қабылдап отыр. Ал экс-президент қазір мемлекет ісіне араласпайды. Екіншіден, оның кездесулері немесе өткізіп жатқан іс-шаралары, жол сапарлары оның барлығы жеке азамат ретінде өзінің құқығын пайдаланып жүрген іс-шаралар мен кездесулер" деді Қошанов.

Мәжіліс төрағасы сонымен бірге "экс-президент Қазақстанның мемлекеттік әнұранының авторлары қатарынан алына ма?" деген сұраққа да жауап берді.

"Ондай заң бізге түскен жоқ... Мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ" деді Қошанов.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда отставкаға кетіп, өзінің орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Назарбаев 2022 жылдың қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы сияқты маңызды қызметтерде отырды. Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде елде қос билік барын жоққа шығарған.

Жуырда экс-президент Назарбаев "Астана клубы" отырысын өткізіп, Мәскеуге барып, Ресей басшысы Владимир Путинмен жеке кездескен.

XS
SM
MD
LG