Ссылки доступа

Ирандағы жарылысты "Ислам мемлекеті" террористік тобы мойнына алды


3 қаңтарда Иранда ас беру кезінде болған екі жарылысқа жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы өзіне алды. Мұндай мәлімдеме 4 қаңтарда аталған топқа жақын "әл-Рауд" сайтында жарияланды.

3 қаңтарда Иранның оңтүстігіндегі Керман қаласында болған екі жарылыстан кемінде 103 адам қаза тапты. Жараланғандар саны 284-ке жетті.

Иран басшылығы жарылысты "теракт" деп атады.

Оқиға әйгілі қолбасшы, Иран революция сақшылары корпусының бұрынғы командирі Қасим Сүлейманиді еске алу рәсімі кезінде болған. Сүлеймани 2020 жылғы қаңтардың осы күндері Ирак астанасы Бағдат маңында АҚШ әскері жүргізген әуе операциясы кезінде опат болған.

4 қаңтар Иранда Аза тұту күні деп жарияланды.

Кезінде Ирандағы ең ықпалды адамдардың бірі болған, Тегеранның сыртқы саясаты архитекторларының бірі саналған Сүлеймани 2020 жылғы 3 қаңтарда Бағдат әуежайы маңында көлікте кетіп бара жатқан дрон шабуылынан қаза тапқан.

АҚШ әскері "Американың аймақтағы мүдделеріне шабуыл ұйымдастыруына жол бермеу үшін" Сүлейманиге қарсы "қорғаныс" шабуылын ұйымдастырғанын хабарлаған.

Сүлейманидің өлтірілуі АҚШ-тың қатаң санкциялары мен экономиканың құлдырауынан, үкіметке қарсы наразылықтан шатқаяқтаған діни режимге соққы болды.

Сүлеймани басқарған "Құдс" элиталық әскери тобы Иранның Ислам сақшылары корпусының шетелдік бөлімшесі саналады. АҚШ оны шетелдік террор ұйым қатарына қосқан.

XS
SM
MD
LG