Ссылки доступа

Адвокат Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады


"Не дейді" YouTube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім. 15 сәуір 2023 жыл.
"Не дейді" YouTube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім. 15 сәуір 2023 жыл.

Журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Желтоқсан айында тергеу соты журналистің қамау мерзімін 22 қаңтарға дейін созған еді. Адвокаттың айтуынша, әзірге оларға іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермеген.

– Олар істі прокуратураға жіберейін деп жатыр. Маған 22 қаңтарда материалдар сотта болуға тиіс деді. Сол кезде материалдармен танысуға болады дейді. Алайда бұл дұрыс емес. Прокуратураға жіберместен бұрын біз қол қоюға тиіс едік. Алайда біз іспен әлі таныспадық және біздің қолсыз прокуратураға жібере алмайды, – деді Нұрпейісов.

"Не дейді" YouTube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.

Қараша айында Думан Мұхаммедкәрім белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Марат Жыланбаевты қолдап, аштық ұстағаны хабарланған. Адвокаттың сөзінше, Думан денсаулығын қалпына келтіру үшін жуырда тағы емделмек.

Думан Мұхаммедкәрімнің қамалуын Қазақстан журналистерінің тең құқылы федерациясы, Халықаралық журналистер федерациясының қауымдастырылған мүшесі (International Federation of Journalists) айыптаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.

XS
SM
MD
LG