Ссылки доступа

Қырғызстан мен Тәжікстан шекараның тағы 38 шақырымы бойынша келісімге келді


Қырғызстан мен Тәжікстанның топографиялық жұмыс тобы екі ел арасындағы шекараның тағы 38,35 шақырымы бойынша келісімге келді. Бұл туралы Тәжікстанның ұлттық "Ховар" агенттігі хабарлады.

12 қаңтарда Баткен облысында Қырғызстан мен Тәжікстанның үкіметтік делегацияларының тең төрағалары Камчыбек Ташиев пен Саймумин Ятимовтің кездесуі өткен. Кездесу соңында олар бірлескен мәлімдеме жасап, Ташиев тараптар бірқатар шекара аймағы бойынша ортақ пікірге келгенін жеткізген.

"Оның ішінде Мақсат ауылынан бастап "встреч" аймғына дейін (ред: Арқа ауылының шеті) 15 шақырымдық жер бойынша бір шешімге келдік. Енді комиссия бұл келісім бойынша қол қоюы керек. Біз мұндай шешімге қанағаттандық", - деген Ташиев.

Ятимов да тараптар Құлынды-Мақсат-Арқа аймағы бойынша бір шешімге келгенін және бұл бойынша қаулы жобасы дайындалатынын жеткізді.

10 қаңтарда Душанбеге барған Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан түрік билігі Қырғызстан мен Тәжікстан биыл наурыз айында шекара бойынша толық келісімге қол қояды деп үміттенеміз деген.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның жалпы қашықтығы 972 шақырымды құрайды.

XS
SM
MD
LG