Ссылки доступа

Бірнеше қалада әкімдіктер белсенділерге Жыланбаевты қолдау митингісін өткізуге рұқсат бермеді


Алматы, Астана, Шымкент, Орал, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Ақтөбе, Семей, Қарағанды және Павлодар әкімдігі жергілікті белсенділерге 17 қаңтарда Марат Жыланбаевты қолдау митингісін өткізуге рұқсат етпеді. Бұл туралы NotExtremists телеграм-арнасы жазды.

Телеграм-арна әкімдіктердің белсенділерге жіберген жауап хатын да жариялады. Әкімдіктер біреуіне "митинг туралы ақпарат толық емес" десе, екіншісіне "хабарламаны кеш өткізді" деп түсіндірген. Тағы басқасында "митинг жоспарланған күні өзге шара өтетінін" алға тартқан.

Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.

Қазақстан соты былтыр қарашада "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты 7 жыл түрмеге кескен. Азаматтық белсендіге "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Жыланбаев пен жақтастары істің саяси астары бар деген.

Бұған дейін бірқатар ұйымдар, атап айтқанда Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтып, оны босатуға үндеген. "Жыланбаевқа тағылған "экстремистік айыпта" салмақты негіз болмағаны оны оппозициялық әрекеті мен билікті сынағаны үшін соттағанын көрсетеді" дейді ұйымдар.

  • Марат Жыланбаевтың апелляциялық соты 19 қаңтарда өтеді.
  • Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG