Ссылки доступа

Қырғызстанда 11 журналист екі айға қамауға алынды


17 қаңтарда Бішкектің Бірінші май аудандық сотының шешімі бойынша тәуелсіз медиада жұмыс істейтін 11 журналист екі айға қамауға алынды. Олар 13 наурызға дейін тергеу абақтысында отырады.

"Айт, айт десе" және "Темиров LIVE" жобаларының, "Арча медиа" және "ПолитКлиника" басылымының 11 қызметкері 16 қаңтарда ұсталған.

Олар – "Темиров LIVE" редакциясының қызметкерлері Мақсат Тажыбек уулу және Ақыл Орозбеков, тілшісі Айке Бейшекеева, редакцияның бұрынғы тілшісі Жоодар Бузумов, "Темиров LIVE" редакциясының, "Айт, айт десе" жобасының қызметкерлері Сапарбек Акунбеков және Азамат Ишенбеков, аталған жобалардың директоры, Қырғызстаннан шығарылған Болот Темировтің әйелі Махабат Тажыбек кызы, "Темиров LIVE" редакциясының бұрынғы журналисі, қазір "Арча Медиада" (бұрынғы Next TV медиасы) істейтін Сайпидин Султаналиев және Ақтілек Капаров, сонымен бірге Жұмабек Турдалиев атты қызметкер және "ПолитКлиника" қызметкері Тыныстан Асыпбеков.

Ішкі істер министрлігі олардың "жаппай тәртіпсіздік" және "билік өкілдерінің талаптарына бас имеу және жаппай тәртіпсіздікке шақыру" баптары бойынша ұсталғанын мәлімдеген.

Temirov LIVE жобасы қызметкерлерінің үйлерін полиция 16 қаңтарда ерте таңертең тінткен. ІІМ мәліметінше, олардың үйлері мен кеңседен 162 зат тәркіленген — компьютерлер, ноутбуктар, ұялы телефон, өзге техника және банк карталары.

Жуырда ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті 24.kg ақпарат агенттігінің редакциясын тінткен. Агенттіктің бас директоры Әсел Оторбаева, бас редактор Антон Лымарь және шеф-редактор Махинур Ниязова тергеуге әкеткен. Ізінше оларды босатқан. Журналистер "соғысты насихаттау" қылмыстық ісі бойынша куәгер атанған. Журналистердің сөзінше, оған 24.kg сайтындағы соғыс туралы мақала түрткі болған.

Қырғызстанда журналистерге қудалай күшейіп, ақпарат құралдарына қысым көбейген шақта 2023 жылы Орталық Азия елі Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде қатарынан 50 орынға төмен түсіп, бірден 72 орыннан 122-ге сырғыған.

XS
SM
MD
LG