Ссылки доступа

Парламент қазақстандық бітімгерлерді Таяу Шығысқа жіберуді мақұлдады


Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Парламент Қазақстанның бітімгер әскерін Таяу Шығыс және Африкаға жіберуді мақұлдады. 430 қазақстандық бітімгер БҰҰ бітімгерлік миссиясы аясында Голан жоталары және Оңтүстік Судандағы БҰҰ миссиясына қатыспақ.

Атап айтқанда:

  • "БҰҰ-ның Голан жотасындағы қарусыздану жөніндегі бақылаушы күштері" (UNDOF, Сирия – Израиль);
  • "Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімге келу шарттарын орындауды бақылау органы" (UNTSO, Палестина – Израиль);
  • "БҰҰ-ның Оңтүстік Судандағы миссиясы" (UNMISS, Оңтүстік Судан);
  • "БҰҰ-ның Абьее-дегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштері" (UNISFA, Судан).

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, БҰҰ Қазақстанға өз бетінше бітімгерлік миссияны атқару мандатын берген. Оның сөзінше, қазақстандық бітімгерлердің міндеті – аудандарды бақылап, коммендант қызметін атқару болмақ.

"Рота резервте болады, алайда осы мақсат үшін оларды 15 әскери көлік, инженерлік техника, КамАЗ, штаттық қару-жарақ, медицина және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеміз" деді Жақсылықов.

Қорғаныс министрі БҰҰ бітімгерлік миссиясына контингент жіберу халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның ғаламдық аренада рөлінің артуына да ықпал етеді деді.

Руслан Жақсылықовтың айтуынша, 2014 жылдан бері 67 қазақстандық офицер БҰҰ-ның Батыс Сахара, Мали, Кот-д'Ивуар, Орталық Африка республикасы мен Ливандағы миссияларына әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде қатысқан. 2018 жылдан бері 538 қазақстандық әскери қызметкер "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" миссиясының құрамында болған.

Қазір қазақстандық 6 офицер – Батыс Сахарада, 2 офицер – Орталық Африка Республикасында, 2 офицер – Конго демократиялық республикасында, 9 әскери қызметкер Ливанда қызмет етіп жүр.

2015 жылы қабылданған "Бітімгерлік қызмет туралы" заңға сәйкес, әскери қызметкердің бітімгерлік операцияға қатысуы туралы шешім президенттен ұсыныс түскен соң парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып, қабылданады. Бітімгерлік миссияға әскер жіберу туралы ұсынысты президент айтады. Үкімет әскердің құрамын, саны мен қызмет атқару мерзімін анықтайды.

Президенттің қарулы күштерді бітімгерлік операцияға жіберу-жібермеу туралы шешімді қабылдауға құқығы бар. Бұған қоса, әскерді мерзімінен бұрын қайтару немесе шұғыл эвакуациялау туралы шешімдерді де президент қабылдай алады.

Қазақстандық бітімгерлердің белгілі бір операцияға қатысу мәселесі Астанамен жасалған халықаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылады.

XS
SM
MD
LG