Ссылки доступа

Тәліптер «Киодо» агенттігінде істейтін ауған журналисін ұстады


Кабулда тәліптердің арнайы қызметі «Киодо» жапон ақпарат агенттігінің тілшісі Эхсан Акбариді ұстады. Бұл туралы ауған журналистерінің орталығы (AFJC) хабарлады. Тілшінің ұсталғанын оның әріптестері де растап отыр.

Мәліметтерге қарағанда, 17 қаңтарда Акбариді мемлекеттік медиаақпарат орталығына шақыртып, сол жерде оны Бас барлау басқармасының қызметкерлері ұстап әкеткен. Кейін Акбари отбасына телефон шалып, ұялы телефонын арнайы қызмет өкілдеріне беруін сұраған. Сол күні арнайы қызмет өкілдері агенттіктің Кабулдағы кеңсесіне баса-көктеп кіріп, техникаларды тәркілеген.

Ауған журналистер орталығы Акбариді «тез арада босатуды» талап етті. Құқық қорғаушылар тілшіні ұстау БАҚ туралы заң талаптарына қайшы келеді дейді. Мұндай заң батысшыл үкімет билік құрған уақытта қабылданған.

2021 жылғы тамызда билікке қайта оралған тәліптер кейінші жиырма жылда қабылданған заңдардың басым бөлігінің күшін жойды. Радикал ұйым журналистер үшін керағар ережелері бар жарлық қабылдаған. Құжат журналистерден «ұлт мүддесіне қарсы жұмыс істемеуді», «ислам құндылықтарын сақтауды» талап етеді.

XS
SM
MD
LG