Ссылки доступа

Маңғыстау облысының соты West Oil жұмысшыларының ереуілін "заңсыз" деп тапқан шешімді өзгертпеді


24 қаңтарда Маңғыстау облысының азаматтық істер бойынша сот алқасы West Oil компаниясының ереуілдетіп тұрған жұмысшыларының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Облыстық сот та жұмысшылардың ереуілін "заңсыз" деп санайды.

2023 жылы 11 желтоқсанда Қарақия ауданы соты West Oil жұмысшыларының ереуілін "заңсыз" деп тапқан. Жұмысшылар бұл шешімге қарсы облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген еді.

Маңғыстау облысы сотының хабарлауынша, апелляцияны қараған сот алқасы бірінші инстанция "істегі маңызды мән-жайларды дұрыс анықтап, материалдық не процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бермеді" деп тапқан.

20 желтоқсанда Қарақия ауданының прокуратурасы West Oil Software жұмысшыларының ереуіліне байланысты "Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандататын әрекеттер" бабы (402-бап) бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған.

Маңғыстау облысы Жетібай кентінде West Oil Software компаниясының 500-дей жұмысшысы ереуілдетіп тұр. Олар компанияны "ҚазМұнайгаз" құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіруді, техниканы жаңартуды талап етеді. Бұған дейін "ҚазМұнайгаз" техниканы жаңарту туралы талаптан басқаларын орындай алмайтынын мәлімдеген. Ал West oil жұмысшылары шарасы таусылғандықтан Астанаға өкілдерін жібергенін, алайда мәжіліс депутаттарымен жолыға алмағанын айтқан.

11 қаңтарда West Oil Software компаниясының басшылығы кәсіпорын "шығынға батқанын" алға тартып, "жұмысқа оралмаған ереуілшілерді 12 қаңтардан бастап" жұмыстан шығаратынын ескерткен. Компания "заңсыз ереуілдің" салдарынан компанияға шамамен 499 млн теңге шығын келгенін айтып, басшылық бұдан әрі "күте алмайтынын" айтқан. Компания хабарламасында жұмысшыларға "ат басындай алтын береміз" деп "уәде еткен" "арандатушылар" туралы айтқан, алайда онысына ешқандай дәлел келтірмеген.

20 желтоқсанда Қарақия ауданының прокуратурасы West Oil Software жұмысшыларының ереуіліне байланысты "Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандататын әрекеттер" бабы (402-бап) бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған.

Желтоқсанның соңында тәуелсіз кәсіподақ өкілдері "ҚазМұнайгаз" және бірқатар министрлік өкілдерімен келіссөз жүргізгені, одан нәтиже шықпағаны хабарланды.

Наразылар қақаған аязда күні-түні далада тұр. Олар талаптары орындалмайынша тарамайтынын айтады.

XS
SM
MD
LG