Ссылки доступа

Тәжікстанда тағы бір журналистке қылмыстық іс қозғалды

Анора Саркорова
Анора Саркорова

Тәжікстанның құқық қорғау органдары Еуропада тұрып жатқан журналист Анора Саркорованың анасына қызына қарсы қылмыстық іс қозғалғанын, бірақ "елге келіп, кешірім сұраса, рақымшылық берілетінін" жеткізген.

2 ақпанда Анора Саркорованың өзі Озоди радиосына анасын ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы шақыртқанын мәлімдеді.

"Анама екі істі көрсеткен. Онда Рустамжон Жониев және Анора Саркороваға қозғалған іс деп көрсетілген екен. Мен ересек адаммын. Егер маған қатысты сұрақтар болса, қария анама емес, маған тікелей қайрылсын. Оны шақырған сайын денсаулығы нашарлап кетеді. Мен өзімнің іс-әрекетіме анам емес, мен жауап беремін", - дейді журналист.

Рустамжон Жониев Анора Саркорованың күйеуі. Ол "экстремизмге жария түрде шақырды және насихаттады" деген бап бойынша айыпталып жатыр.

Журналистің анасымен сөйлескен тергеуші Диловар Мамадлатиф Озоди радиосының қоңырауына жауап бермеді.

Дегенмен ІІМ дереккөзі журналистке қатысты іс қозғалғанын растады. Оның айтуынша, журналист те "экстремизмге жария түрде шақырды және насихаттады" деген бап бойынша айыпталып жатыр.

Анора Саркорова BBC орыс қызметінің бұрынғы журналисі. Ал Рустамжон Жониев "Имруз" радиосының бұрынғы редакторы. Дәл осындай атпен шығатын газет 2022 жылғы Бадахшандағы қанды оқиға жайлы хабар таратқан.

Соңғы екі жылда Тәжікстанда сегіз журналист пен блогер ұсталып, ұзақ мерзімге сотталды.

XS
SM
MD
LG