Ссылки доступа

Ташкенттің бұрынғы әкімінің ірі кәсіптерін сатып жатқаны әлеуметтік желілерде талқыланды


Жахонгир Артықхожаев
Жахонгир Артықхожаев

Ташкент қаласы әкімі қызметінен кеткенне кейін біраз уақыт тасада болған Жахонгир Артықхожаев көпшілік назарына тағы ілікті. Ол жақында ірі кәсіптерін сататынын мәлімдеген.

1 ақпанда Термез қаласында өткен бизнес-марафонда Жахонгир Артықхожаев жастарға кәсіпкерлік тәжірибесі туралы әңгімелеп, бизнес-империясындағы жеті компаниясын сатқанын мәлімдеді.

«Мен Crafers компаниясын саттым. Азық-түлік өндірісі саласында жетістікке жете алмадым. Mediapark дүкендерінің бәрін саттым. Жұмыс істеп жүрген адамға саттым. Ecobozor-дың біреуін саттым. Akfa Lighting компаниясын саттым. Magic City-ді саттым. Тағы не саттық? Basalt-ты немістерге саттық, Knauf-ты да саттық. Мінеміз сондай, әр бес жылда қызықпайтын нәрседен арыламын. Маған қызық емес болса, сатып жіберем, сосын жаңасын ашам» дейді Артықхожаев.

Көпшілік Ұлттық саябақ орнына салынған Magic City ойын-сауық кешенінің сатылып кеткеніне қынжылды.

Жобаға Жахонгир Артықхожаевтың Akfa құрылымына кіретін Stargate Systems компаниясы инвестиция салған. Компания 20,79 гектар жерді 49 жылға жалға алған. Кәсіпкер өзбек астанасының келбетті жерлерінің бірі саналатын жерді арзанға сатып алған.

«Ғажап емес пе?! Астана орталығындағы жерлер мен ғимараттарды жекешелендіріп аласың. Сосын ештеңе істемейсің, ақша өзі түсе береді. Мұнда ақшамен бірге жауапкершілік саудаға түсіп жатыр. Өйткені жаңа қожайынға ешкім ештеңе дей алмайды. Кезек «Пахтокор» стадионы мен «Шарк» кешеніне келген секілді. Осын Тәуелсіздік алаңы туралы да ойлануға болады» деп жазды журналист Аброр Зохидов.

Әлеуметтік желі қолданушылардың бірқатары «Артықхожаевты Ташкент басшылығынан алып тастамағанда, ол бүкіл қаланы сатып жіберер еді» деп есептейді.

Ашық мәліметтерге қарағанда, Magic City Артықхожаевтың күйеу баласы Әлішер Әбдувахитовқа сатылған. Ол президенттің бұрынғы кеңесшісі Әбдужабар Әбдувахитовтың ұлы.

48 жастағы Жахонгир Артықхожаев Өзбекстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірі. Ол Ташкент әкімі қызметін 2018 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы 16 қаңтарға дейін басқарды. Артықхожаев былтыр астанада энергетикалық дағдарыс кезінде қызметтен алынды.

Сол кезде президент Шавкат Мирзияев «бос сөз, жалған мәлімет беріп, қарапайым тұрғын деңгейіне түспегені үшін» қызметтен алынғанын айтқан. Артықхожаев мемлекет басшысының бұл сынына осы күнге дейін жауап қатқан жоқ.

XS
SM
MD
LG