Депутат тиісті заң жобасын 1 ақпанда қоғамдық талқылауға шығарды.
Электронды темекіні қолданған адамдарға 4 мың сом (40 доллардан астам) және заңды тұлғаларға 6 мың сом көлемінде айыппұл салу қажет деп есептейді. Ал сатқаны үшін жеке тұлғаларға 5 мың сом және заңды тұлғаларға 6500 сом айыппұл салуды көздейді.
Бұдан бөлек Ташиев электронды темекіні Қырғызстанға әкелуге тыйым салуды ұсынады. Бұл талапты бұзғандар 150 мың сомнан 200 мың сомға дейін айыппұл төлеуі тиіс немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беруі керек дейді.
Депутаттың сөзінше, қазір оқушылар арасында электронды темекіге әуестік артқан.
"Электронды темекіге қолданылатын сұйықтықтың құрамында не барын ешкім білмейді. Түрлі дәм беретін сұйықтықты қолданудың салдары өте ауыр болуы мүмкін",- дейді депутат.
Шайырбек Ташиев бұл ұсынысты былтыр наурыз айынан бері көтеріп келеді.
Қырғызстанда 2021 жылдан бері қоғамдық орындарда темекі, электронды темекі және қорқор шегуге тыйым салынған.