Ссылки доступа

Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі: прокурор пробация қызметкерін 3 жылға соттауды сұрады


Прокурор 5 жасар қыздың өліміне кінәлі деп өмірлік түрме жазасына кесілген Гаийбназаровты “бақыламай, салғырттық танытты” деген күдікпен Шымкент қаласы және Түркістан облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аудандық пробация қызметі бөлімі қызметкері Тілдахановты 3 жылға соттауды сұрады.

Тілдаханов тағылған айыпты мойындамайды.

Прокурор пробация қызметкері Тілдаханов “өз міндетіне ұқыпсыз қарағанының салдарынан” адам өлімі болды деп санайды және бұл сот тергеуінде дәлелденді дейді. Ол соттан айыпталушыны Қылмыстық кодекстің “Салғырттық” бабымен кінәлі деп танып, 3 жылға мемлекеттік лауазымды қызметте істеуге тыйым салып, 3 жыл бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде өтеуге үкім етуді сұрады.

Тілдаханов тағылған айыпты мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады. Оның адвокаты прокурор орындамады деген міндет Тілдахановтың құзіретіне жатпағанын, бұл айып пробация қызметкеріне емес, учаскелік полиция қызметкерлеріне тағылуы керек деп санайды.

Іс бойынша жәбірленуші деп танылған марқұм 5 жасар қыздың анасы Индира Ерімбетова қандай үкім шығаруды судьяның қарауына қалдырды.

2023 жылдың 13 шілдесінде түсте Жібек жолы ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүрген 5 жасар қыздан ата-анасы әп-сәтте көз жазып қалған. Қызды әуелі туыстары, кейіннен бүкіл ауыл іздеп шығып, кешке көршісінің үйінің шатырынан өлі күйінде тапқан. Бұл суық хабар ауылды дүр сілкіндіріп, ашу-ызаға булыққан тұрғындар күдіктіні өздеріне беруді талап еткен. Ауылға полиция кіргізіліп, екі күн интернет ажыратылған.

Марқұмды туыстары 14 шілде күні жерледі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомат Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне бұл іске байланысты оқиғаның мән-жайын тексеруді тапсырған.

7 қыркүйек күні Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған Гаийбназаровты "Адам өлтіру" және "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті.

Сот үкімі күшіне енгеннен соң сотталушыға химиялық кастрация жасалатын болған. Сот бұған қоса, айыпталушыны жәбірленуші жаққа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген. Айыпталушы жазаны жеңілдетуді сұраған.

Өлген 5 жасар қыздың ата-анасы үкіммен келісетінін, бірақ бұрын сотталушыға жеңіл жаза беріп босатқан судья мен сот шешіміне қарсылық білдірмеген прокурорды жауапқа тартуды сұраған еді.

6 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрқазы Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылған. Көп өтпей судья қызметінен де кеткен.

Бұған дейін Нұрқазы Шетенов 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" жеңіл жазалаған деген дауға қалған.

Ресми мәліметке қарағанда, Гаийбназаров бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. 2023 жылы сот «адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін» оның бостандығын 3 жылға шектеген. Оқиғадан соң Жоғарғы сот күдіктіні бұрын жеңіл жазалаған Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс берілгенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG