Ссылки доступа

Қырғыз блогері ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды


Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті блогер Батмакан Жолболдуеваны ұстады. Бұл туралы 9 ақпанда ҰҚМК баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, Жолболдуева бір шенеуніктен Жалал-Абад қаласындағы асхана туралы видеороликті алып тастау үшін 25 мың сом (шамамен 300 доллар) сұраған.

Арнайы қызметтің хабарлауынша, блогер әйел 6 ақпанда 25 мың сомды алып жатқан уақытта ұсталған. Ол ҰҚМК тергеу абақтысына түсті. «Ақша бопсалау» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.

Жолболдуеваның қорғаушылары әзірге іске қатысты ешқандай мәлімдеме таратпады.

Блогер Батмакан Жолболдуева Баткен облысындағы асханалар мен дүкендердің тазалығын, тауарларды сақтау мерзімін тексерумен айналысқан. Ол зерттеулерін «Батма-бат» деп аталатын YouTube-арнасына жариялап жүрген. Бұл арнаға 50 мыңнан астам қолданушы жазылған. Бұл арнада ең соңғы видео былтыр жарияланған.

XS
SM
MD
LG