Ссылки доступа

Ресей ХАМАС видеосын желіде бөліскені үшін ұсталған тәжік мигрантын Душанбеге тапсырды


Ресейде ұсталған тәжік мигранты қазір Тәжікстан ҰҚМК-ның Душанбедегі тергеу абақтысында отыр.

23 жастағы Мұхаммаднаби Жалилов Ресейдегі бір кәсіпорында ағаш кесуші болып істеген. Әріптестерінің айтуынша, 31 қаңтарда кешке жұмысшылар тұратын жерге полиция қызметкерлері мен тәжікше сөйлейтін бір азамат келген. Олар Мұхаммаднабиді ұстап алып кеткен.

Дереккөз мәліметінше, Жалилов Ресейден Тәжікстанға депортацияланған. Оған тыйым салынған ұйыммен байланыс орнатты деген айып тағылған. Жалилов осы айыппен 5 жылдан 8 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Дереккөз мәліметінше, Жалиловпен бірге Ресейден депортацияланған тағы үш мигрант абақтыға түскен. Дереккөз олардың нақты қай «тыйым салынған ұйыммен байланысы барын» айтпады, бірақ қылмыстық істе олардың ХАМАС видеоларын әлеуметтік желілерде бөліскені көрсетілгенін атап өтті.

Тәжікстан билігі ұсталған еңбек мигранттары туралы әзірге ешқандай ресми мәлімет таратпады. Жалиловтың туыстары да әзірге журналистермен сөйлесуге дайын емес.

XS
SM
MD
LG