Ссылки доступа

Алматыда Feminita белсендісі әйелдер шеруіне рұқсат етуді талап етіп, пикет өткізді


10 ақпанда Алматыда Feminita белсендісі Ақторғын Ақкенжебаласы қала орталығындағы "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші алдында әйелдер шеруіне рұқсат етуді талап етіп пикет өткізді. Оның қолында "Маршты болдырмау қылмыс!" деген жазуы бар плакат болды. Бұл жөнінде The Village сайты жазды.

Акция сағат 12-де басталды. Жарты сағаттан кейін оның жанына полиция қызметкері келіп, шараға рұқсаты бар-жоғын тексерді. Пикетке бұған дейін Алматы әкімдігі рұқсат берген.

Алматыда әйелдер құқығына арналған шеру өткізуге рұқсат беруді талап еткен пикеттер легі ақпанның басында басталған. Бұл шеруге рұқсат етпей отырған әкімдіктің әрекетіне белсенділердің реакциясы.

1 ақпан күнгі баспасөз жиынында әйел құқығын қорғаумен айналысатын ұйым белсенділері Алматы әкімдігі 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермей отырғанын айтқан. Олардың сөзінше, жергілікті билік белсенділерге бейбіт жиынға бөлінген орындарда "мәдени шара өтеді", "шеру қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген себептерді алға тартып, рұқсат бермеген.

Былтыр феминистер "қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген негізге келіспей, әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған.

Былтыр да 8 наурызда әйелдер шеруіне рұқсат етілмеді, алайда кейін феминистерге Ганди паркінде шағын акция өткізуге рұқсат берген.

XS
SM
MD
LG