Ссылки доступа

"Үкімім шығып қойған". Сот журналист Мұхаммедкәрімді үйқамаққа жібермеді. Отырыс жабық өтпек


Журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім
Журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім

12 ақпанда Қонаев қаласында журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің соты басталды. Сотқа журналистерді кіргізбеді. Ал судья прокурордың сотты жабық өткізу туралы өтінішін қанағаттандырды.

Алғашқы отырыста журналистің адвокаттары судьяға сенімсіздік білдірді. Бұған қоса, қорғаушылар сотты сотты ашық өткізуді және іспен толық танысуды сұрады. Думан Мұхаммедкәрім әлі күнге дейін айыптау актісімен де, сот құжаттарымен де таныспағанын айтып, соттан іспен танысуға 15 күн беруді және өзін үйқамаққа шығаруды сұрады. Бірақ сот журналисті үйқамаққа шығарудан бас тартты.

Алғашқы отырыста журналист "менің үкімім шығып қойған, менде таңдау жоқ" деді.

Сотқа Думан Мұхаммедкәрімнің ондаған жақтасы келді. Бірақ олардың көбі сот залына кіре алмады. Желіде тараған видеода отырыс өтетін залдың есігінің алдында иін тірескен жұртты полиция ішке кіргізбей жатқаны байқалды.

Белсенді Әсет Әбішев Facebook парақшасында Думан Мұхаммедкәрімнің оннан аса жақтасы залға кіре алмағанын, басқалары көшеде қалғанын айтады. Видеода жиналғандар "Бостандық!" деп айғайлағаны естіледі.

Сот ғимаратына жедел жәрдім шақырылған. Сот алдында автозак пен полиция машиналары тұрды.

"Ne Deidi" Youtube-каналының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деген күдікпен қамауға алынған. Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Журналист маусымнан бері қамауда отыр.

Қазақстан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Қарашаның соңында Думан Мұхамедкәрім қамауда отырған белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Марат Жыланбаевты қолдап, аштық жариялағаны хабарланған.

Мұхаммедкәрімнің қамалғанын Қазақстанның тенқұқықты журналистері федерациясы сынаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

XS
SM
MD
LG