Ссылки доступа

Аққулардың өлімі: Ақтаудағы Rixos қонақүйіне 4,6 мың доллар айыппұл салынды


Маңғыстауда Қарақия-Қаракөл табиғи қорығындағы Қаракөл аумағында аққу жаппай қырылғаннан кейін, көлге шайынды су төгіп келген Ақтаудағы Rixos қонақүйіне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша екі әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды.

Тексеріс қорытындысы бойынша, 4 ақпанда облыстық экология департаменті Aktau Tourism Ltd компаниясына қарсы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің "Атмосфералық ауаны қорғау және су объектілерін ластанудан және бітелуден қорғау жөніндегі талаптарды бұзу" және "Қоршаған ортадағы антропогендік әсер ету нормаларын бұзу" баптары бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Бірінші бап бойынша Aktau Tourism Ltd компаниясына 3,69 млн теңге айыппұл салынған. Компания осының жартысын, яғни 1,84 млн теңге, ал екінші бап бойынша 232,6 мың теңге айыппұл төлеген.

Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Тұрғанбай Шапағатовтың дерегінше, Қаракөл аумағында алғаш рет 30 аққудың өлексесі былтыр 21 желтоқсанда табылған. Сол кезден биылғы 25 қаңтарға дейін барлығы 1132 аққу қырылған.

5 қаңтарда әлеуметтік желіде Қаракөлге жағадан 300 метр қашықта тұрған Rixos Aktau қонақүйінен қарақошқыл сұйық зат төгіліп жатқанын көрсеткен видео тараған. Осыдан кейін Қаракөлге тазартылмаған лас су төгілуі мүмкін деген болжам айтылды.

Маңғыстау облыстық экология департаменті 7 қаңтарда химиялық құрамын тексеру үшін Қаракөл суынан сынама алған. 10 қаңтарда сынама қорытындысы Қаракөлге төгілген қалдық суда ластаушы заттардың шекті шамадан асатынын көрсеткен. Осыдан кейін Rixos Water World Aktau-ға қатысты жсопардан тыс тексеріс жүргізу басталып, мекемені қалдық суды заң нормаларына сәйкес келтіргенге дейін Қаракөлге су төгуді уақытша тоқтатуға міндеттеген.

Ақтаудағы Rixos қонақүйін басқаратын Aktau Tourism Ltd жеке меншік компаниясының филиалы мен TetysBlu паркі жағынан Қаракөлге құбыр арқылы қалдық су құйылып жатқаны туралы әлеуметтік желіде таралған видеоға байланысты тексеру жүргізу туралы арыз жергілікті билік органдарына 8 қаңтарда "Табиғи орта" ассоциация кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақовтан түскен.

Сол арыз бойынша облыстық экология департаменті 9 қаңтарда Rixos Water World Aktau қонақүйіне жоспардан тыс тексеріс бастаған. Мамандар Rixos Aktau қонақүйінен төгілген қалдық суда ластаушы заттар мөлшері шекті шамадан артық болғанын анықтаған.

XS
SM
MD
LG