Ал шенеуніктің үлкен ұлы Рухулла Шахаб премьер-министрдің орынбасары аппаратында, күйеу баласы Шамсуддин Ахмади Ауғанстанды басқару жүйесінде істейді.
Делавардың ұлы елші атанғаннан кейін шенеунікті туыстарын жоғары қызметтерге тартты деп сынай бастады. Осының алдында ғана тәліптер үкіметте тамыр-таныстық пен жемқорлық жоқ деп мәлімдеген.
Былтыр Талибан қозғалысының жетекшісі Хайбатулла Ахундзада шенеуніктерге туыстарын мемлекеттік қызметтерге тағайындауға тыйым салатын жарлық шығарған.
Шахабуддин Делавар бұл жарлықты орындамаған жалғыз тәліп шенеунігі емес.
Ішкі істер министрі Сираджуддин Хакканидің көкесі Халил-ур-Рахман босқындар ісі жөніндегі министрі қызметін атқарып жүр. Хакканидің басқа да туыстары жоғары қызметтерде істейді.
Талибанның негізін қалаған молла Омардың ұлы Мохаммад Якуб Муджахид қорғаныс министрі қызметін атқарады. Якубтың көкесі молла Маннан Умари еңбек министрлігін басқарады.
Оппозиция тәліптерді Ауғанстанда билікті монополизациялап алды деп айыптап жүр. Негізінен пуштундардан құралған экстремистік қозғалыс мүшелері мемлекеттік қызметтерді өзара бөліп алған. Талибан содырларының дені хат танымайды. Олар өмір бойы өркениеттен жырақта жүріп, соғысуды ғана үйренді. Ал Талибан шенеуніктері ұлдарын шетелдегі медреселер мен университеттерде оқытты. Енді олар жоғары қызметтерді балаларына беріп жатыр.