Ссылки доступа

Халықаралық ұйымдар Еуроодақты Қырғызстанның азаматтық қоғамын «шетел өкілдері туралы» заңнан сақтауға шақырды


Сегіз халықаралық ұйымнан тұратын коалиция Еуроодаққа ашық үндеу жолдады. Үндеуді Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік ұйымы жариялады.

Халықаралық ұйымдар Еуроодақтан Қырғызстанның азаматтық қоғамын қорғау үшін шешімді шаралар қолдануды, «Қырғызстанға Ресей секілді қауіпті жолға түсуге жол бермеуді» сұрады. Ресей шетел агенттері туралы заңды ұйымдар мен белсенділерді қудалаудың бір құралы ретінде пайдаланып отыр.

Үндеуге Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік (IPHR), Норвег Хельсинки комитеті, Азаматтық құқық қорғаушылар, People in Need чех құқық қорғау ұйымы, Хельсинкм адам құқықтары жөніндегі қоры, Front Line Defenders ирландиялық ұйым, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерация қол қойды.

Ұйым «шетел өкілдері туралы» заң қабылданған жағдайда, құжат Қырғызстанда адам құқықтарын, БАҚ еркіндігін шектеп, елдегі басқа да коммерциялық емес топтардың қызметіне кері әсер етеді деп есептейді.

2023 жылғы қазанда Жогорку Кеңеш «шетел өкілдері туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. 2024 жылғы 14 ақпанда депутаттар құжатты жетілдіру үшін парламенттің салалас комитетіне қайтарды.

Заң жобасын 30 депутат тобы ұсынған, бірақ олардың кейбірі заң авторлары тізімінен шығып кеткен. Құжаттың басты авторы – депутат Надира Нарматова. Оның пікірінше, мұндай заң гранттар туралы есеп бермейтін үкіметтік емес ұйымдар қызметін бақылау үшін қажет.

XS
SM
MD
LG