Өзінің жазуынша, полиция бейсенбі күні үйіне барған кезде түнгі сағат ондар шамасында ұстаған. Қазір онымен байланыс жоқ.
Ақылбек Мұратбай өзінің ұсталуын құқық қорғау белсенділігімен байланыстырды. Ол Өзбекстан билігінің қарақалпақтарды қудалауы туралы ақпарат таратқан.
Freedom for Eurasia ұйымының жазуынша, Ақылбек Мұратбай Өзбекстан билігінің сұрауымен ұсталған болуы мүмкін. Ол "Өзбекстан билігінің конституциялық құрылымына нұқсан келтіру", "тәртіпсіздікке шақыру" баптары бойынша күдікке ілінген. Оны Өзбекстан полициясының өкілі Мұхамедим Баймұрзаев ұстаған, деп жазылған ұйым сайтында. Ұйым билікті белсендіні дереу босатуға үндеді.
Алматы полициясы әзірге белсендінің ұсталуына түсініктеме берген жоқ.
Қудалауға ұшыраған қарақалпақ белсенділері туралы ақпарат таратып жүрген Ақылбек Мұратбай былтыр күзде Өзбекстандағы туыстарына полиция барып, қоқан-лоқы жасағанын, ізінше өзін де Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне шақырғанын хабарлаған.
Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасында 2022 жылы шілдедегі ірі қантөгістен кейін Қазақстандағы қарақалпақ белсенділері қысымға шағымданған. 2022 жылы күзде бірнеше қарақалпақ белсендісі құқық қорғаушылардың айтуынша, Өзбекстан билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталған. Қазақстан олардың босқын мәртебесін беру туралы өтініштерін орындамады. Бір жыл қамаудан кейін олар жуырда күзде босап шықты. Алайда құқық қорғаушылар Өзбекстан билігінің сұрауы әлі күшінде екенін, оларды экстрадициялауы мүмкін деп қауіптенеді. Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары ресми Астананы оларды елдеріне қайтармауға үндеп, олардың өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін айтқан.