Ссылки доступа

Қауіпсіздік комитеті сегіз өңірде қылмыстық топтар әшкереленгенін хабарлады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті 17 ақпанда елдің сегіз өңірінде арнайы операция өткенін хабарлады.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, операция 17 ақпанда Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу облыстары және Шымкент қаласында өткен. Мәліметке қарағанда, осы операция барысында сегіз қылмыстық топ әшкереленген.

«23 адам ұсталды. Олардың арасында қауіпті діни ағым өкілдері бар. 17 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, алтауы ешқайда кетпеуге міндеттелді» деп хабарлады ҰҚК.

Олар ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Оларға терроризмді насихаттау, кісі ұрлау, бопсалау, есірткі мен қару сату қылмыстары негізінде айып тағылуы мүмкін. ҰҚК тергеу құпиясына сүйеніп, толық мәлімет таратпай отыр.

Операция барысында 49 тінту жүргізілгені, қару-жарақ, оқдәрі, діни кітаптар, есірткі, ақша тәркіленгені мәлім.

Былтыр қазанда парламент депутаттары елде «дәстүрлі емес діни ағымдар» тарады деп алаңдаған. 6 қазанда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева дін туралы заңды қатайту керек деп мәлімдеген. Кейін дін туралы заң жобасы әзірленгені мәлім болған. Оның парламентке қашан түсетіні әзірге белгісіз.

XS
SM
MD
LG