Бұл жөнінде 19 ақпанда Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өзбек әріптесі Бахтиёр Саидовпен Астанада кездесуінде айтты.
"Алдағы жоспар – қазіргі динамиканы жоғалтпастан сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу", - деді қазақ бас дипломаты.
Ол сонымен бірге Қазақстан мен Өзбекстанда тұратын жерлестеріміз екі елді байланыстыратын "алтын көпір" болатынын атап өтті.
"Қазақстанда 500 мыңға жуық [этникалық] өзбектер, Өзбекстанда 800 мыңға жуық [этникалық] қазақтар тұратынын білесіздер. Мұның бәрі екі елді жақындастыратын жақсы фактор деп есептейміз", - деді Мұрат Нұртілеу.
Бұдан бөлек тараптар Орталық Азия елдерінің өзекті мәселесі – су-энергетика кешені бойынша пікір алмасып, оны шешу мәселесіне көңіл бөлді.
19 ақпанда Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов ресми сапармен Астанаға келген.
Өзбекстан дипломатының сапары қарақалпақ құқық қорғаушысы Ақылбек Мұратовтың Алматыда ұсталғанынан бірнеше күн өткеннен кейін болды. Өткен аптада Алматының тергеу соты оны 40 күнге қамау туралы шешім шығарған.