Ссылки доступа

"Майқайың алтын" кен байыту фабрикасы 1 сәуірге дейін жұмысын тоқтатады

Бұл туралы жергілікті "Павлодар онлайн" сайты хабарлады. Қаңтарда құтқарушылар мінген автобус алтын кенішіндегі шұңқырға құлаған соң шахта жұмысы тоқтаған, сондықтан қазір фабрикаға керек шикізат жоқ. Павлодар облысы еңбек басқармасының жоспары бойынша, 22-23 ақпанда фабрика жұмысы тоқтайды.

"Штатта 933 адам жұмыс істейді, 143 адам кезекті еңбек демалысында, 153 адам 50 пайыз төлеммен жұмысты тоқтатты. Оның ішінде 109 адам шахтада, 44 адам тау-кен техникасы учаскесінде жұмыс істейді. Жұмысшыларға жалақының 50 пайызы төленеді. 2024 жылғы 1 сәуірден бастап жұмыс жалғасады" деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыров.

Шұңқырға құлаған екі адам мен автобус сол күйі табылған жоқ. Жоғалған адамдардың туыстары әлі күнге үміт үзбей отыр.

26 қаңтарда апат бойынша арнайы комиссия қорытындысы жарияланды. Олар болған оқиғаны "топ адам душар болған қайғылы жағдай" деп атаған. Комиссия апатқа "Майқайың алтын" компаниясындағы өкілетті тұлғалар тарапынан өндірістік бақылау дұрыс жүргізілмегендігі себеп болған деген қорытындыға келген. Комиссия дерегінше, осының бәрі "тау массасының күтпеген жерден опырылуына" әкеліп соққан.

XS
SM
MD
LG