Министр мұны бүгін сенат отырысынан кейін Азаттық тілшісі қойған сұраққа жауабында айтты.
Азаттық тілшісі Балаевадан журналист Думан Мұхаммедкәрім туралы Human Rights Watch (HRW) мәлімдемесі жөнінде сұраған.
"Қазір соты болып жатыр. Оған араласа алмаймыз" деді Аида Балаева.
"Халықаралық құқық қорғау ұйымы Думан Мұхаммедкәрімді саяси тұтқын деп есептеп, бостандыққа шығаруға шақырды" деген Азаттық тілшісіне: "Мен ол пікірмен келіспеймін" деп жауап берді.
Өткен аптада халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімге "экстремизм" бабы бойынша негізсіз айып тағылып отыр деп, Қазақстан билігін журналисті бостандыққа шығаруға шақырған.
Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан халықаралық ұйым 8 ақпанда осындай мәлімдеме таратты. Ұйым мәлімдемеде елде үкімет сыншыларын осыған ұқсас айып бойынша қудалау күшейгенін де жазды.
"Не дейді" YouTube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Мұхаммедкәрімге 9 жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр. Журналист 2023 жылдың маусым айынан бері қамауда отыр. Оның қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
"Қазақстан билігі билікті сынап, бейбіт түрде жиналу құқығын жүзеге асырғысы келген тәуелсіз журналистің үнін тұншықтыруға тырысып жатыр. Қазақстан билігі Қылмыстық кодекстегі "экстремизм" түсінігін тарылтып, бұл айыптарды үкімет сыншыларына қарсы пайдалануын доғаруға тиіс" деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия жөніндегі жетекші зерттеушісі Мира Ритман.
Ұйым Думан Мұхаммедкәрімнің YouTube-тағы "Не дейді?" арнасының 145 мың жазылушысы бар екенін еске салып, кейінгі екі жылда журналист елдегі ірі наразылықтар (арасында Қанды Қаңтар да бар) мен биліктің оған реакциясы және салдары туралы ақпарат таратқанын айтады. Мұхаммедкәрім 2023 жылы көктемде тәуелсіз кандидат ретінде парламент сайлауына да қатысқысы келген, алайда кандидат ретінде тіркеле алмаған.