Ссылки доступа

СІМ: екі қазақстандық шетелде еңбек құлдығынан босатылды


Таиландта екі қазақстандық еңбек құлдығынан босатылды деп хабарлады сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.

Оның сөзінше, өткен айдың соңында Қазақстанның Тайландтағы консулының мессенджеріне Алтын үшбұрышта (Тайланд, Мьянма және Лаостың таулық аймақтарында орналасқан географиялық аймақ) қазақ азаматы еңбек құлдығында деген хабарлама келіп, көмек сұраған.

"Жергілікті билікпен келісіп әрекет еткеннен кейін, ол жақта шын мәнінде біздің екі қазақстандық азамат барын анықтадық. Бір ай бойы оларды босату үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап, келіссөз жүргіздік. Қазір олар босатылды, Қазақстанға келе жатыр", - деді Смадияров.

Екі азамат бұл аудандарда еңбек құлдығы барын біле тұра, "жоғары жалақы төлейміз" деген жарнамаға алданып қалған.

Смадияровтың айтуынша, екі қазақстандық қыз жұмыс істеген компания олардан қомақты ақша сұраған. Бірақ оларды қаражатсыз босатып алған.

Қазақстан СІМ мәліметінше, соңғы екі жылда аталған аймақта 200 Қазақстан азаматы құлдыққа түскен.

"Қазақстан азаматтарына шетелге жұмыс істеуге шығар алдында барлық келісім-шартты мұқият қарауды, тексеруді сұраймыз. Бұл сіздің тағдырыңыз, сіздің өміріңіз. Оларды аман-есен босатып алдық. Өте қайғылы жағдайлар кездеседі", - деді Айбек Смадияров.

XS
SM
MD
LG