Ссылки доступа

Адвокат: Думан Мұхаммедкәрім соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялады


Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты өтіп жатқан Қонаев сотының ғимараты. 22 ақпан 2024
Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты өтіп жатқан Қонаев сотының ғимараты. 22 ақпан 2024

Журналист Думан Мұхаммедкәрім соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялады. Журналист сотқа адвокаттар қатысса да, қатыспаса да үкім белгілі екенін айтып, қорғаушыларынан да бас тартты.

22 ақпанда түске дейін өткен сот отырысынан соң адвокаты Ғалым Нұрпейісов журналистер мен белсендінің жақтастарына осылай деп мәлімдеді.

– Думан сот ашық өткен жағдайда ғана аштығын тоқтататынын айтты. Судьяның өзі сот кезінде "сотталған Думан" деген тіркесті екі рет айтып қалған. Думан сотқа бойкот жариялады. Думанның сотқа сенімсіздік жариялау туралы өтініші қанағаттандырылмады, – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Алдыңғы сот отырысында судья прокурордың сотты жабық өткізу туралы өтінішін қанағаттандырып, сотты жабық еткен. Бұған журналист пен оны қорғау тарабы және жақтастары қарсы болған.

12 ақпан күнгі сот отырысы кезінде Думан Мұхаммедкәрім "тағылған айыпты жала" деп атап, "конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын" айтқан. Ол бұл сотты "цирк" деп атаған.

22 ақпанда журналисті Қонаев сотына алып келген сәтте ондаған адам "Думанға бостандық!" деп ұрандатып, оны көру үшін сот ғимаратына қарай жақындады.
Қонаев қаласының прокуроры Айдос Шорманов оларға "жиынның заңсыз екенін" ескертіп, акцияны тоқтатуды және тарауды сұрады. Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай журналист Думан Мұхаммедкәрімді қолдауға келген адамдар заң бұзбағанын айтты.

XS
SM
MD
LG