22 ақпанда интернетте ҚМГ мұнай-сервис департаментінің директоры Жасұлан Балуановтың видеомәлімдемесі пайда болды.
Ол осы уақытқа дейін West Oil Software мен "Маңғыстаумұнайгазға" 1 млрд 320 млн теңге көлемінде шығын келгенін алға тартты.
"Ұзаққа созылған ереуіл West Oil Software мекемесіне ғана шығын келтіріп қана қоймай, сонымен қатар Жетібай кен орнында мұнай өнімін жоғалтуға байланысты "Маңғыстаумұнайгазға" қомақты көлемде залал келтіріп жатыр.
Қазіргі уақытта оның сомасы 1 млрд 320 млн теңгені құрады. Бұл әрине өндіріске және тапсырыс берушілердің қаржылық жағдайына зиян тигізіп отыр. Осы жағдайдың әрі қарай жалғасуына мүмкіндік жоқ" деді Балуанов хабарламада.
Жетібай кентінде West Oil Software компаниясының жұмысшылары 11 желтоқсаннан бері ереуілдетіп тұр. Олар компанияны "ҚазМұнайГаз" құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіруді, техниканы жаңартуды талап етеді. Бұған дейін "ҚазМұнайГаз" техниканы жаңарту туралы талаптан басқаларын орындай алмайтынын мәлімдеген.
22 ақпан күнгі видеомәлімдемеде ҚМГ өкілі жұмысшылар "жұмыс тұрақсыздығына алаңдамай-ақ қойса болады", өйткені "ҚМГ еншілес компаниялар мердігер ұйымдарды тұрақты әрі ұзақмерзімді жұмыс көлемімен қамтамасыз етіп жатыр" деді.
Ол "ұлттық компания жалақы мен әлеуметтік төлемдердің уақытында төленетінін бақылайды" деп сендіруге тырысты. Балуанов сонымен бірге компанияның техникасы "жаңа тарифтер мен лизингтік механизмдер арқылы тұрақты түрде жаңарып отыратынын" да айтты.
Ол сонымен қатар Жетібай кенішінде өндіріс базасы құрылысы жоспарланып жатқанын да атап өтті.
Бір күн бұрын West Oil Software басшылығы да жұмысшыларды “24 ақпанға дейін жұмысқа оралуға” үндеп, сол мерзімнен кейін “заңсыз ереуілшілермен еңбек келісімшартын бұзатынын” ескерткен.
Ал наразылар талаптары орындалмайынша тарамайтынын мәлімдеген. 22 ақпан күні Азаттық West Oil Software жұмысшыларына хабарласқанда наразылардың бірі "қазір өзара талқылап, ақылдасып, сосын жауабымызды айтамыз, бірақ талаптарымыз сол күйі қалады" деді.
Наразылар осыған дейін өздерінің талаптарын үкіметтің кеңейтілген отырысында қарауды талап еткен. Тәуелсіз кәсіподақ өкілдері бұған дейін Астанаға барып, ҚМГ және үкімет мүшелерімен келіссөз өткізуге талпынған. Алайда одан нәтиже шықпағанын айтқан.
Бұған дейін жұмысшылар өздеріне қысым жасалып жатқанына да шағымданған. Ал Қарақия аудандық соты ереуілді "заңсыз" деп тапқан. Жұмысшылар сот шешімін келіспей апелляциялық шағым түсірген, бірақ Маңғыстау облысының соты да ереуілді "заңсыз" деп шешкен.